23 қазан күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде «Қазіргі қазақ әдебиеттануы: ғылыми проблемалар, зерттеу аспектілері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ғылыми басқосу Қазақ әдебиеті кафедрасының құрылғанына 60 жыл толуына және филология ғылымдарының докторы, профессор Жандос Қожахметұлы Смағұловтың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Конференцияға еліміздің әр өңірінен қазақ әдебиетінің көрнекті ғалымдары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылық құрамы мен зерттеушілері, сондай-ақ шетелдік ғалымдар қатысты. Қатысушылар әдебиеттану ғылымының бүгінгі жай-күйі мен даму бағыттарын талқылады. Басқосуда қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына қатысты өзекті мәселелер, әдеби мұраны зерделеудің жаңа қырлары және заманауи ғылыми ізденістердің нәтижелері сөз болды.
Зерттеушілер өзара пікір алмасып, қазақ әдебиетінің рухани-мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан танудың маңызына назар аударды. Сонымен қатар әдебиеттану саласындағы тың тұжырымдар мен зерттеу тәжірибелерін ортаға салып, ғылымның алдағы даму бағыттары жөнінде ой бөлісті.
Қазақ әдебиеті кафедрасының 60 жылдық тарихы – ұлттық әдебиеттану ғылымының дамуына үлес қосқан бірнеше буын ғалымның еңбегімен сабақтас. Ал профессор Жандос Қожахметұлы Смағұловтың мерейтойы – қазақ әдебиетінің тарихы мен әдеби сынның зерттелуіне еңбек сіңірген ғалымның ғылыми жолына құрмет көрсетуге арналған тағылымды белес.
Ғылыми конференция қазақ әдебиетінің бүгінгі зерттелу деңгейін саралап, ғалымдардың өзара пікір алмасуына жол ашты. Қос мерейтой – кафедраның алты онжылдық тарихын бағамдап, профессор Жандос Смағұловтың ғылым мен білім саласындағы еңбегіне құрмет көрсеткен маңызды басқосу болды.
Жаңалықтар
ҚОС МЕРЕЙТОЙҒА АРНАЛҒАН ҒЫЛЫМИ БАСҚОСУ
Buketov University