Жаңалықтар

"МЕНІҢ – РЕСПУБЛИКАМ!" БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

2 мин. оқу
"МЕНІҢ – РЕСПУБЛИКАМ!" БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ  УНИВЕРСИТЕТІНДЕ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

Бүгін Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Студенттер сарайында Республика күніне арналған «Менің – Республикам!» атты мерекелік кеш өтті.
Салтанатты жиында университеттің Басқарма Төрағасы – ректордың міндетін атқарушы Н.А. Жетпісбаев құттықтау сөз сөйлеп,білім мен ғылымның дамуына, университеттің өркендеуіне үлес қосқан оқытушылар мен қызметкерлерге марапаттар табыстады. Еңбегі еленген жандар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің наградаларына, университет басшылығының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды.
Мерекелік бағдарламада университеттің шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары өнер көрсетті. «Жарқын» халықтық би ансамблі, «Сарын» халықтық фольклорлық ансамблі, «Жастар» вокалдық студиясы және жеке орындаушылар көрерменге ән мен күйден, ұлттық би өнерінен тарту жасады. Қазақтың әуезді әндері мен күмбірлеген күйлері, туған елді жырлаған шығармалар кештің мазмұнын байыта түсті.
Университеттің спорттағы жетістіктері де көпшілік назарына ұсынылды. Азия ойындарының күміс жүлдегері Аделина Земс пен V жазғы Пара Азия ойындарының чемпионы әрі жүлдегері, университет магистранты Диас Кенжебектің жеңістері таныстырылды. Халықаралық жарыстарда биік нәтиже көрсеткен спортшылардың табысы – жастардың қажырлы еңбегі мен табандылығының айғағы.
Білім мен ғылымды дамыту, жас ұрпаққа сапалы білім беру, ел болашағына қызмет ету – университет ұжымының ортақ мақсаты. Осындай мерекелік кездесулер туған елге деген құрметті арттырып, ортақ құндылықтар төңірегінде біріге түсудің маңызын көрсетеді.
Республика күні құтты болсын! Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік, бірлігі бекем, келешегі кемел болсын!