Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің филология факультетінде «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы С.А. Песнев пен басылым тілшілері журналистика кафедрасының студенттерімен кездесті.
Кездесуде студенттерге газеттің тарихы мен қалыптасу жолы туралы бейнематериал көрсетілді. Одан кейін басылым өкілдерімен еркін әңгіме өрбіп, болашақ журналистер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Газет тілшілері журналист мамандығының ерекшеліктері, редакциядағы күнделікті жұмыс, кәсіби ізденіс пен кездесетін қиындықтар туралы әңгімеледі. Өз тәжірибелерімен бөлісіп, журналист болу үшін біліммен қатар жауапкершілік пен табандылықтың да маңызды екенін жеткізді.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі — бас редактор С.А. Песневтің студенттерді газет ұжымына қосылып, өз күштерін кәсіби ортада сынап көруге шақыруы болды. Бұл — болашақ мамандар үшін тәжірибе жинап, журналистикадағы алғашқы қадамдарын жасауға берілген мүмкіндік.
Журналистика кафедрасының аға оқытушысы Ю.А. Демьянова да газеттегі еңбек жолы мен редакция жұмысының қырлары туралы ой бөлісті.
Кездесу соңында кафедра меңгерушісі Ж.С. Рамазанова қонақтарға университеттің естелік сыйлықтарын табыстады. Ал «Индустриальная Караганда» газетінің өкілдері кафедраға «С юбилеем, Индустриалка!» кітабын сыйға тартты.
95 жыл бойы өңір жаңалықтарын жариялап, Қарағандының тарихы мен тыныс-тіршілігін жазып келе жатқан басылымның тәжірибесі жас журналистер үшін үлкен мектеп. Мұндай кездесулер студенттердің кәсіби білімін толықтырып, болашақ мамандығына деген қызығушылығын арттырады.
Жаңалықтар
«ИНДУСТРИАЛЬНАЯ КАРАГАНДА»: 95 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХ ЖӘНЕ ЖАС ЖУРНАЛИСТЕРМЕН КЕЗДЕСУ
Buketov University