Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті математика және ақпараттық технологиялар факультеті ұйымдастыруымен Функциялар теориясы мен функционалдық талдау саласында өзіндік із қалдырған көрнекті ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Есмұханбет Сейдахметұлы Смаиловтың 80 жылдық мерейтойына арналған еске алу дөңгелек үстелі өтті.
Бұл басқосу – көрнекті ғалымның өнегелі өмірі мен ғылыми мұрасын ұлықтауға, ұстаздық жолын еске алып, кейінгі ұрпаққа үлгі етуге арналған тағылымды кездесу болды.
Есмұханбет Сейдахметұлының өмір жолы мен ғылыми қызметі Қарағанды университетінің тарихымен тығыз байланысты. Ол ұзақ жылдар бойы университетте оқытушы, доцент, профессор, математикалық талдау кафедрасының меңгерушісі және математика факультетінің деканы қызметтерін атқарып, талай шәкірттің ғылым жолына түсуіне ықпал етті.
Дөңгелек үстел барысында ғалымның шәкірттері мазмұнды баяндамалар жасап, ұстаздың ғылымға қосқан үлесі, зерттеушілік ізденістері, адамгершілік қасиеттері мен тәлімгерлік өнегесі туралы естеліктерімен бөлісті. Жиырмаға жуық әріптесі мен замандасы, шәкірттері ғалымның жарқын бейнесін еске алды. Әрбір естелік – ұлағатты ұстазға деген құрметтің, шәкірт жүрегіндегі шексіз алғыстың көрінісі.
Ғалымның есімі – еңбегімен, ұстаздың қадірі – шәкіртімен биік. Есмұханбет Сейдахметұлының ғылыми мұрасы мен адамдық болмысы оны таныған жандардың жадында сақталып, шәкірттері арқылы жалғасын таба бермек.
Іс-шара аясында марқұмның рухына арнап ас беріліп, дұға бағышталды. Ғалымның рухына тағзым етіп, өнегелі өмірін еске алу – кейінгі ұрпақтың парызы.
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, иманы саламат болсын! Ұстаз есімі ұмытылмай, еңбегі ел жадында мәңгі сақталсын!
Buketov University