Жаңалықтар

«ҒАСЫР САҢЛАҒЫ» — ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІКТІ ҰЛЫҚТАҒАН ҚОЙЫЛЫМ

1 мин. оқу
«ҒАСЫР САҢЛАҒЫ» — ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІКТІ ҰЛЫҚТАҒАН ҚОЙЫЛЫМ

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің өмірлік, кәсіби жолын дәріптейтін «Ғасыр саңлағы» драмалық қойылымы көрермен назарына ұсынылды.
Қарағанды өңірінің тумасы Тоқтар Әубәкіров — қазақ халқының мақтанышына айналған тарихи тұлға. Оның ғарышқа сапары мен ерлікке толы ғибратты ғұмыры — табандылықтың, отанға адал қызмет етудің және асқақ арманға ұмтылудың жарқын үлгісі.
Атығай Шанин атындағы халық театры ұсынған қойылым Қарқаралы жерінің ардақты ұлының өмір жолын, тарихи жетістігін және ел рухын асқақтатқан ерлігін арқау етті. «Ердің ерлігі – ұрпаққа өнеге!» деген ұлағатты ұстанымды негізге алған туынды көрерменге ерекше әсер сыйлап, көрермен бойына отансүйгіштік сезімді нығайтты.
Тағылымды іс-шараға Қарағанды облысының мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, университеттің профессор-оқытушылық құрамы мен студенттер қатысты.
Қойылым соңында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Нұржан Арғынұлы Жетпісбаев жүрек-жарды ниетін жеткізіп театр ұжымына алғыс хаттар табыстады. Бала Тоқтардың рөлін шеберлікпен сомдаған жас актёрге естелік мерч-сыйлығы тарту етілді.
Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа сапары — тұтас ұлттың мерейін асырған тарихи белес. Ал оның өмір жолы кейінгі ұрпаққа батылдықтың, табандылықтың және туған елге қызмет етудің үлгісі болып қала бермек.