ҚЫМБАТТЫ ТАЛАПКЕРЛЕР, ҚҰРМЕТТІ ЖАС ДОСТАР!
Мемлекеттік білім беру грантының иегері атанған барша талапкерді шын жүректен құттықтаймын!
Бұл жеңістің артында үлкен еңбек, үздіксіз ізденіс, толассыз дайындық, толғаныс пен үміт тұр. Сондықтан бүгінгі нәтиже өз күш-жігеріңіз бен біліміңіздің арқасында бағындырған алғашқы үлкен белестеріңіздің бірі.
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетін таңдаған 1600-ден астам грант иегеріне ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің таңдауларыңыз – біз үшін үлкен сенім әрі жауапкершілік.
Жоғары оқу орны - тек мамандық меңгеретін орын емес. Бұл – тұлға қалыптасатын, жаңа идеялар туындайтын, ғылымға жол ашылатын, өмірлік достар табылатын және болашаққа бағыт айқындалатын орта.
Біз университетімізге келген әрбір жастың сапалы білім алып, өз саласының мықты маманы ғана емес, елінің дамуына үлес қоса алатын парасатты, жауапты азамат болып қалыптасуына барынша жағдай жасауға дайынбыз.
Грант иегері атана алмаған талапкерлерге де жігерлеріңізді жасытпаңыздар дегім келеді. Кейде үлкен мақсатқа апарар жол бір ғана нәтижемен өлшенбейді. Алға ұмтылған адам үшін әрдайым жаңа мүмкіндік бар.
Қымбатты жастар, бүгін сіздер жаңа өмірдің табалдырығында тұрсыздар. Алдарыңызда студенттік шақ, жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер мен үлкен мақсаттар күтіп тұр.
Білім жолындағы қадамдарыңыз сәтті болсын!
Жеңістеріңіз көп, армандарыңыз асқақ болсын!
Buketov University-де кездескенше!
Жаңалықтар
БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ - РЕКТОРЫ ТАЛАПКЕРЛЕРГЕ ЖЫЛЫ ЛЕБІЗІН БІЛДІРДІ
Buketov University