Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Экономика факультетінде Чехияның Карл университетінің ғалымдары қатысқан ғылыми кездесу өтті.
Кездесуге ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Е.М. Тәжбаев, Ректор аппаратының басшысы Г.М. Байғожина, Экономика факультетінің профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ Прагадағы Карл университетінің өкілдері — Давид Гавличек (David Havlíček) пен Мартин Стиха (RNDr. Martin Štícha, Ph.D.) қатысты.
Кездесуде Карл университеті Жаратылыстану ғылымдары факультеті Бейорганикалық химия кафедрасының доценті Давид Гавличек профессор-оқытушылық құрамына арнайы дәріс оқыды. Дәріс барысында ғалым Карл университетіндегі оқу үдерісінің ұйымдастырылуы, академиялық орта мен білім алушыларға ұсынылатын мүмкіндіктер, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттары туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар ғылыми жарияланымдардың маңызы, зерттеу нәтижелерін халықаралық ғылыми кеңістікке шығару және ғылыми ізденісті жүйелі түрде дамыту мәселелеріне тоқталды.
Давид Гавличек өз зерттеулеріне қатысты тәжірибесімен бөлісіп, бейорганикалық химия, электрохимия, заттардың құрылымы мен қасиеттерінің өзара байланысы бағыттарындағы ғылыми ізденістерін таныстырды. Дәріс ғылыми-зерттеу жұмысының мазмұны мен оны халықаралық деңгейде ұсыну жолдарын талқылауға мүмкіндік берді.
Ғылыми кездесуге қатысқан Мартин Стиха — аналитикалық және органикалық химия, масс-спектрометрия және органикалық қосылыстарды талдау саласының маманы. Оның ғылыми қызығушылығы заманауи аналитикалық әдістерді фармацевтикалық зерттеулерде және қоршаған ортаны қорғау бағытында қолданумен байланысты. Ғалым импакт-факторы бар ғылыми басылымдарда жарық көрген 66 ғылыми мақаланың авторы.
Дәріс барысында ғылыми тәжірибе алмасу, зерттеу әдістері мен қазіргі ғылымның даму бағыттары жөнінде пікір алмасылды. Мұндай кездесулер отандық және шетелдік ғалымдардың арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, бірлескен ғылыми ізденістерге жол ашады.
Халықаралық академиялық ынтымақтастықтың негізі — тәжірибе алмасу, өзара пікір алмасу және ортақ ғылыми ізденіс. Осындай мазмұнды кездесулер университеттің ғылыми ортасын жаңа тәжірибемен толықтыра түседі.
Жаңалықтар
БӨКЕТОВ ҰЛТТЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ЧЕХИЯЛЫҚ ҒАЛЫМНЫҢ ДӘРІСІ ӨТТІ
Buketov University