Жаңалықтар

БОЛАШАҚ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫ МАМАНДАРЫНА АРНАЛҒАН ОҚУ КРИМИНАЛИСТИКАЛЫҚ ПОЛИГОНЫ АШЫЛДЫ

2 мин. оқу
БОЛАШАҚ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫ МАМАНДАРЫНА АРНАЛҒАН ОҚУ КРИМИНАЛИСТИКАЛЫҚ ПОЛИГОНЫ АШЫЛДЫ

1 қазан күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінде болашақ құқық қорғау саласының мамандарына арналған ашық аспан астындағы оқу криминалистикалық полигоны ашылды.
Жаңа полигон Қарағанды облысының Полиция департаменті мен университет арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске қосылды. Оның негізгі мақсаты – студенттердің теориялық білімін практикалық дағдылармен ұштастырып, кәсіби даярлығын жетілдіру.
Полигонның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қарағанды облысының Полиция департаментінің өкілдері, университет басшылығы, факультет деканы, профессор-оқытушылық құрам және студенттер қатысты.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Тергеу департаменті Ұйымдастыру-әдістемелік басқармасының бастығы – полиция полковнигі – А.С. Десюпов пен университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Н.А. Жетпісбаев құттықтау сөз сөйледі.
Жаңа полигонның ашылу салтанаты лента қию рәсімімен жалғасты. Лентаны Заң факультетінің деканы Г.М. Рысмағамбетова мен Қазақстан Республикасы ІІМ Тергеу департаменті Ұйымдастыру-әдістемелік басқармасының бастығы, полиция полковнигі А.С.Десюпов қиды.
Салтанатты рәсімнен кейін қонақтарға полигонның мүмкіндіктері таныстырылып, студенттер үшін әзірленген практикалық жағдайлар көрсетілді.
Ашық аспан астындағы оқу алаңы болашақ мамандарға оқиға болған жерді қарау, іздерді анықтау және тіркеу, тергеу және процестік әрекеттерді жүргізу сияқты кәсіби дағдыларды тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді.
Жаңа полигон Қылмыстық құқық, процесс және криминалистика кафедрасының оқу үдерісінде тұрақты пайдаланылатын болады.
Университет пен Полиция департаментінің бірлескен жұмысы алдағы уақытта да жалғасып, кәсіби кездесулер, практикалық сабақтар, олимпиадалар, пікірсайыстар және басқа да жобалармен толықтырылады.