30 қыркүйек күні Бөкетов ұлттық зерттеу университетінің Akylbayev Research Center технопаркінде Дене мәдениеті және спорт факультетінің ұйымдастыруымен «Академиялық ортадағы жасанды интеллект» тақырыбында семинар өтті.
Семинарға Түркияның Кастамону университетінің PhD, қауымдастырылған профессоры, Trends in Physical Education and Sports ғылыми басылымының редакциялық алқа мүшесі Джейлан Байрам және биология ғылымдарының докторы, профессор Анастасия Кабачкова арнайы шақырылды.
Кездесуге ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Е.М. Тәжбаев, профессор-оқытушылық құрам және Дене мәдениеті және спорт факультетінің магистранттары қатысты.
Семинар барысында жасанды интеллекттің қалыптасу тарихы мен даму кезеңдері, оның жұмыс істеу және жасалу қағидаттары, сондай-ақ ғылым мен білім саласында қолдану мүмкіндіктері қарастырылды. Қатысушылар жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісінде, ғылыми-зерттеу жұмыстарында және ғылыми мақалалар дайындауда тиімді пайдаланудың жолдары жөнінде пікір алмасты.
Ғылыми жиында Е.М. Тәжбаев қазіргі ғылымдағы жасанды интеллекттің маңызына тоқталып, семинарға қатысушылармен ашық пікір алмасты.
Сонымен қатар шетелдік ғалымдар Дене мәдениеті және спорт факультетінің базасында бірлескен ғылыми зерттеу жүргізіп жатыр. Бұл ғылыми ынтымақтастық факультет профессор-оқытушылар құрамының шетелдік ғылыми тағылымдамалары барысында бастау алған.
Жасанды интеллекттің ғылыми ізденістегі мүмкіндіктерін талқылаған семинар шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасып, жаңа ғылыми бағыттарды зерделеуге мүмкіндік береді.
Жаңалықтар
ШЕТЕЛДІК ҒАЛЫМДАРМЕН СЕМИНАР: АКАДЕМИЯЛЫҚ ОРТАДАҒЫ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ
Buketov University