← Кафедраға оралу

Кафедра туралы

Шетел тілдері кафедрасы туралы толық ақпарат

Шетел тілдері кафедрасының тарихы кейіннен Қарағанды педагогикалық институты болып қайта құрылған Мұғалімдер институтының жалпыуниверситеттік шетел тілдері кафедрасынан бастау алады. Осы институттың негізінде 1972 жылғы ақпанда Қазақстандағы екінші университет – академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті құрылды. Шетел тілдері кафедрасы университеттің жетекші кафедраларының бірі болды. Мұнда еңбек жолын бастаған көптеген оқытушылар 1998 жылы шетел тілдері факультетінің педагогикалық ұжымын қалыптастыруға үлес қосты.
Штат санының көп болуына байланысты 2000 жылы университеттің барлық тілдік емес факультеттеріне қызмет көрсететін кафедра гуманитарлық және жаратылыстану факультеттерінің шетел тілдері кафедралары болып екіге бөлінді. Бұл кафедралар он жыл бойы жеке жұмыс істеді. 2010 жылдан бастап кафедра факультеттің бірыңғай құрылымдық бөлімшесі ретінде қайта жұмыс істей бастады. Ұзақ жылдар бойы кафедраны доценттер М.У. Нуржанова мен Б.К. Аязбекова басқарды. Кейінгі жылдары кафедра меңгерушілері қызметін педагогика ғылымдарының кандидаты Г.Н. Акбаева, PhD докторы Ж.Г. Шайхызада, PhD докторы Т.А. Пастушенко, PhD докторы С.А. Шункеева және PhD докторы Г.Т. Смагулова атқарды. Қазіргі уақытта кафедраны PhD докторы, қауымдастырылған профессор Д.К. Джолданова басқарады.
Кафедра қызметінің негізгі мақсаты – сапалы білім беру қызметтерін ұсыну және шетел тілдерін жоғары кәсіби деңгейде оқыту. Бұл білім алушыларға меңгерген тілдік білімдерін күнделікті қарым-қатынаста да, болашақ кәсіби қызметінде де тиімді коммуникация орнату үшін пайдалануға мүмкіндік береді.
2007 жылы кафедра университеттің барлық тілдік емес мамандықтары бойынша шетел тілдерін оқытудың Жалпыеуропалық тілдік құзыреттер жүйесіне сәйкес деңгейлік моделін сәтті енгізді.
2008 жылдан бастап жаратылыстану бағытындағы факультеттерде көптілді білім беру жүйесі енгізілді. Қазақстан Республикасының Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында үштілді оқытуды кезең-кезеңімен енгізуге кафедраның бүкіл профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.
Кейінгі жылдары кафедра шетел тілдерін оқытудың қалыптасқан дәстүрлерін жалғастырып, оқу үдерісін оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіруге және оқытудың заманауи тәсілдерін енгізуге баса назар аударды. Білім алушылардың коммуникативтік құзыреттерін қалыптастыруға, мәдениетаралық қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және студенттерді болашақ кәсіби қызметінде шетел тілдерін қолдануға даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Кафедра оқытушылары оқу-әдістемелік кешендерді, оқу және оқу-әдістемелік басылымдарды, электрондық білім беру ресурстарын, бейнедәрістер мен жаппай ашық онлайн-курстарды әзірлейді.
Бүгінде Шетел тілдері кафедрасы университеттің маңызды білім беру қызметін жүзеге асыруды жалғастырып, тілдік емес бағыттағы бакалавриат және магистратураның білім беру бағдарламалары студенттеріне шетел тілдерін оқытуды қамтамасыз етеді және қалыптасқан педагогикалық дәстүрлердің сабақтастығын сақтайды.