← Кафедраға оралу

Кафедра туралы

Кафедра тарихы

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Журналистика кафедрасы 1994 жылы құрылған. «Журналистика» мамандығын ашу бастамасын көтеріп, кафедраның алғашқы меңгерушісі болған – белгілі журналист-публицист Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай. Кафедраның құрылуы Орталық Қазақстанда журналистік білім беруді дамыту мен білікті медиа мамандарын даярлау жолындағы маңызды кезең болды. Жаңа мамандықтың қалыптасуына және болашақ журналистерді даярлауға өңірге танымал журналистер мен публицистер елеулі үлес қосты. Олардың қатарында В. Могильницкий, М. Халиолла, М. Сембай, К. Сауғабай, Д. Макашов, Е. Балташұлы, К. Шамакай, М. Тоқмырза бар. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен жас мамандар, осы оқу орнының түлектері М.С. Жапек пен Т.А. Голубцова шақырылып, кафедраның кәсіби, ғылыми және педагогикалық әлеуетін қалыптастыруға атсалысты. Әр жылдары кафедраны З.С. Тайшыбай, Ж.К. Смағұлов, Б.К. Момынова, С.Ш. Тахан, В.Т. Әбишева, М.К. Жұмабеков, Г.С. Амангелдиева басқарды. Қазіргі уақытта кафедра меңгерушісі – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ж.С. Рамазанова. Журналистика мамандығы бойынша алғашқы түлектер 1997 жылы білім ордасын тәмамдады. Кафедра өзінің қызмет еткен жылдары ішінде көптеген білікті мамандарды даярлады. Олардың басым бөлігі кәсіби салада табысты еңбек етіп келеді. Кафедра түлектері отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың баспасөз қызметтерінде, PR агенттіктерінде, сондай-ақ Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде қызмет атқарады. Олар еңбек нарығында сұранысқа ие. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 85%. Кафедраның дамуымен бірге білім беру мүмкіндіктері кеңейіп, білім алушылар саны артып, профессор-оқытушылар құрамы жаңарып, нығая түсті. 2004 жылы магистратураның білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлау басталды. Ал 2012 жылы «Қоғаммен байланыс» мамандығы ашылып, медиа коммуникация саласындағы кәсіби даярлық бағыттары кеңейтілді. Кафедраның ғылыми-зерттеу қызметі университеттің стратегиялық басымдықтарына сәйкес жүзеге асырылады. Ол іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми әлеуетін нығайтуға, ғылыми қызмет нәтижелерін білім беру үдерісіне енгізуге және мемлекет пен қоғамның өзекті сұраныстарына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған. Кафедраның дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі – өзіндік ғылыми әлеуетінің қалыптасуы. 2002 жылы В.Т. Әбишева мен К.Д. Асанов ғылым кандидаты дәрежесін иеленсе, 2011 жылы «Журналистика» мамандығы бойынша докторлық диссертацияларын сәтті қорғады. Бұл жетістіктер ғылыми зерттеулердің дамуына елеулі үлес қосып, кафедраның академиялық беделін нығайтуға ықпал етті. Кафедраның одан әрі дамуына магистратура түлектері де ерекше үлес қосты. Олардың көпшілігі кейіннен профессор-оқытушылар құрамына қосылды. Олардың қатарында Л. Қожахметова, Ю. Демьянова, У. Дмитренко, В. Григоркевич, К. Пронич, Н. Сиязбаев, Ш. Дәуренбекова, Н. Әбикеева, Ж. Еркін, Ф. Құлтаева, А. Қажыбек, А. Қазыбек, А. Кусайн және тағы басқалар бар. 2022 жылы кафедра түлектері мен жас оқытушылар буынының арасынан «Журналистика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алған алғашқы өкіл – Гүлмира Сабырқызы Амангелдиева болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен кейін кәсіби журналистер даярлауды бастаған еліміздегі екінші жоғары оқу орны бола отырып, Журналистика кафедрасы бүгінде университеттің білім беру және ғылыми құрылымдары арасында өзіндік орны бар бөлімше болып табылады. Қызмет еткен жылдары ішінде кафедра өзіндік дәстүрлерін қалыптастырып, мол білім беру және ғылыми тәжірибе жинақтады. Сонымен қатар, Қазақстандағы журналистік білім беруді дамытуға өз үлесін қосып келеді. Студенттердің жан-жақты дамуына, кәсіби дүниетанымын қалыптастыруға, интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін арттыруға, эстетикалық мәдениетін, экологиялық жауапкершілігін, азаматтық және патриоттық құндылықтарын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Кафедра түлектері мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарда, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде, министрліктердің, агенттіктер мен департаменттердің баспасөз қызметтерінде, сондай-ақ еліміздің жетекші медиа құрылымдарында табысты еңбек етіп жүр. Болашақ журналистердің практикалық даярлығында университеттің оқу радиосы мен оқу теледидары маңызды рөл атқарады. Бұл білім беру алаңдары студенттерге теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға, заманауи медиа технологияларды меңгеруге, кәсіби дағдыларын дамытуға және бұқаралық ақпарат құралдары саласында алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік береді. Бүгінде Журналистика кафедрасы заманауи медиакеңістіктің трансформациясы жағдайында білім беру бағдарламаларын жетілдіріп, ғылыми-зерттеу қызметін кеңейтіп, мамандар даярлаудың жаңа тәсілдерін енгізу арқылы қарқынды дамып келеді. Жаңа бастамалар, инновациялық білім беру тәжірибелері және профессор-оқытушылар құрамының жүйелі еңбегі қазіргі медиаиндустрияның талаптары мен сын-қатерлеріне жауап бере алатын жоғары білікті, білімді әрі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға бағытталған. Қалыптасқан дәстүрлерді сақтай отырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан кафедра университеттің дамуына, оның академиялық беделін нығайтуға және кәсіби журналистердің жаңа буынын даярлауға елеулі үлес қосып келеді.