Кафедра туралы
Қаржы кафедрасы туралы толық ақпарат
Тарихы:
«Қаржы» кафедрасы: 50 жылдан астам академиялық үздік тәжірибе
«Қаржы» кафедрасының тарихы Қазақстандағы жоғары экономикалық білім берудің қалыптасуымен тығыз байланысты. Қарағандыда қаржыгерлерді даярлау ісі 1972 жылы ҚарМУ-дың негізі қалануымен бір мезгілде басталды.
«Қаржы және несие» кафедрасының ресми ашылуы 1974 жылғы 30 қыркүйекте өтті. Кафедраның негізін қалаушы әрі алғашқы меңгерушісі экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Алтай Жұмабайұлы Орманбаев болды. Ол Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы білім министрлігімен университеттегі экономика факультетін нығайту мақсатында ҚарМУ ректоры Е.А. Бөкетовке көмекке ҚазМУ-дан Қарағандыға жіберілген болатын.
Кафедра бүкіл республика үшін мамандар ұстаханасына айналды. Мамандық бойынша кафедраның қалыптасуына Қазақстанның көрнекті ғалымдары: академик Ғ.С. Сейтқасымов, Б.К. Қажыкәрімов, профессорлар З.Д. Ысқақова, Н.К. Кучукова, Н.И. Парусимова, Л.Г. Телеляева, А.А. Мусина, Д.М. Мәжитов, А.А. Ильяс, Ш.А. Омарова, Н.Б. Рубенкова, С.М. Өмірбаев және т.б. ғылыми мектеп негізін қалай отырып, зор үлес қосты. Олардың есімдері қаржылық білім берудің жоғары сапасының символына айналды. Кейіннен қос кафедра қайта біріктіріліп, «Қаржы» кафедрасы болып құрылды, ал оның әлеуеті экономика факультетінің зияткерлік өзегіне айналды. Кейінгі жылдары кафедраға профессор Л.С. Көмекбаева жетекшілік етті. Бүгінде кафедра қабырғасында оның түлегі, экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор С.М. Воробьева өзінің жемісті қызметін жалғастыруда.
Экономика факультетінің алғашқы деканы, жоғары мәдениет иесі және білікті ұйымдастырушы Қ.К. Қаракесовті ерекше жылылықпен еске алған жөн. Оның бастаған ісін әр жылдары факультет тізгінін ұстаған декандар — С.М. Өмірбаев, Б.С. Есенгелдин, Ж.С. Хұсайынова жалғастырды. Бүгінде осы сабақтастықты кафедра түлегі, э.ғ.к., профессор Ерболсын Тұрсынұлы Ақбаев лайықты жалғастырып келеді.
Соңғы онжылдықтарда кафедра Қазақстанда және шетелде табысты қызмет атқарып жүрген 2000-нан астам жоғары білікті қаржыгерлерді даярлап шығарды.
Қазіргі уақытта кафедрада 11 штаттық оқытушы қызмет атқарады, оның ішінде 1 экономика ғылымдарының докторы, 7 экономика ғылымдарының кандидаты, 1 доктор PhD және 2 магистр бар.
«Қаржы» кафедрасы студенттер мен оқытушыларға әлемдік үздік тәжірибелерге қол жеткізуге мүмкіндік бере отырып, халықаралық білім беру кеңістігіне белсенді түрде интеграцияланған.
«Қаржы» кафедрасы гранттық жобаларға, ғылыми жарияланымдарға және мамандандырылған зертханалар құру ісіне белсенді қатыса отырып, дамуын жалғастыруда. Бұл оның Қазақстандағы қаржыгерлерді даярлау ісіндегі көшбасшылық позициясын нығайта түседі.
Кафедра экономика факультетінің әлеуметтік кәсіпкерлік пен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл (ҚЖА/ТҚ) мәселелері жөніндегі Erasmus+ бағдарламасы, сондай-ақ ҚР БҒМ-нің инновациялар мен қаржылық реттеу бойынша гранттары сияқты халықаралық және республикалық жобаларға кіріктірілген. Оқытушылар өңірлік қаржыны тұрақтандыру, банк жүйесін дамыту және тәуекелдерді басқару бойынша ұсынымдар әзірлеуге қатысады.
Кафедра қызметкерлері импакт-факторы бар журналдарда мақалалар, монографиялар және конференция материалдарын, соның ішінде цифрлық экономика мен қаржылық менеджмент бойынша халықаралық жинақтарда жариялайды.
Кафедра базасында IBM компаниясының SPSS Statistics Base Authorized User License бағдарламалық өнімімен жабдықталған «Sustainable Development and Green Finance» ұжымдық зертханасы жұмыс істейді. Онда профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер гранттық жобаларға қатысып, мақалалар жариялайды. Кафедра Coursera платформасының (Google, Yale, Wharton) озық тәжірибелерін оқу процесіне кіріктіре отырып, трейдинг және қаржылық модельдеу платформаларын қолданады.
2019 жылдан бастап қашықтықтан оқыту технологиясы енгізілді. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші бакалавриат бойынша 96%, магистратура бойынша 100% құрайды; кафедра «Қаржы» бағыты бойынша «Атамекен» рейтингісінде үздік 35 (топ-35) қатарына кіреді. Кафедраның барлық білім беру бағдарламалары АРТА (НААР) және БСҚА (НАОКО) ұлттық аккредитациясынан өткен.
Buketov University