Кафедра туралы
Мектепке дейінгі және психологиялық-педагогикалық дайындық кафедрасы туралы толық ақпарат
Мектепке дейінгі және психологиялық-педагогикалық даярлық кафедрасы мектепке дейінгі білім беру және психологиялық-педагогикалық бағыттағы мамандарды даярлауды жүзеге асырады. Кафедра бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламаларын ұсынады.
Кафедра студенттері келесі траекториялар бойынша оқуға мүмкіндік алады: 6В01101 - Педагогика және психология және 6В01202 - Мектепке дейінгі ұйымның тәрбиешісі және логопеді. Білім беру бағдарламаларына «Мектепке дейінгі педагогика», «Мектепке дейінгі жастағы балаларға логопедиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру», «Жалпы және балалар психологиясы», «Тұлғаның психологиялық-педагогикалық диагностикасы», «Жалпы және жас ерекшелік психологиясы», «Білім беру жүйесіндегі психологиялық қызмет», «Сын тұрғысынан ойлау», «Девиантология негіздері», «Практикалық психология» секілді пәндер кіреді. Студенттер мектепке дейінгі білім беру, педагогика және психология саласында арнайы білім алады. Кафедра түлектері білім беру ұйымдарында, балалар үйінде, арнайы түзету ұйымдарында, санаторий және спорт мектептерінде психолог; мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеші, әдіскер, меңгеруші; жалпы білім беретін мектептерде, гимназияларда, лицейлерде мектепалды даярлық пәнінің мұғалімі; педагогикалық колледждерде психологиялық-педагогикалық пәндер оқытушысы; білім бөлімдерінде әдіскер, жетекші маман болып жұмыс істей алады.
Студенттер алғашқы күннен бастап университеттің ғылыми және мәдени өміріне белсенді түрде қатысады: пәндік олимпиадаларға қатысып, ғылыми конференциялар мен форумдарда баяндама жасайды, шығармашылық конкурстарға, спорттық жарыстарға қатысады.
Кафедраның ғылыми қызығушылықтары болашақ педагогтардың кәсіби дайындығын жетілдірумен, университет студенттеріне азаматтық тәрбие беру негіздерін қалыптастырумен, жоғары мектеп жағдайында нағыз ұлт өкілін тәрбиелеумен, мектепке дейінгі ұйымдарда этномәдени сәйкестілікті қалыптастырумен байланысты.
Buketov University